Тау мен теңіз ертегілері. Юйминь елі - Мао Сяо

Тау мен теңіз ертегілері. Юйминь елі

Автор

Страниц

45

Год

2025

Бұл шығармада Қытайдың бай мәдениетінен терең тамыр тартатын аңыздар заманауи өрнекпен, жаңа калыпта баяндалған. Автор балалардың бүгінгі күннің шындығын қиялмен үйлестіре отырып, шындық пен фантастиканың, қазіргі өмір мен дәстүрдің, әрі классикалық мистика мен заманауи өнердің синтезін ұсынады. Нәтижесінде, оқырмандар жаңа қызықты ертегілердің әлеміне бойлайды.

«Тау мен теңіз ертегілері. Юйминь елі» кітабында классикалық «Цинфу», «Бо-и», «Отшашар», «Юйминь елі», «Фэн Бо үңгірі», «Тулибэн» атты алты таңғажайып ертегі жинақталған. Бұл шығармалар қоғамдағы моральдық құндылықтарды, жанның тазалығын, және достықтың маңыздылығын айтып береді. Кітап, негізінен, бала жүрегінің шынайылығын сақтай отырып, кіші жасөспірімдерге арналған. Сонымен қатар, ол Қытай халық фольклорына қызығушылық танытатын үлкен аудитория үшін де тартымды болып табылады.

Оқырмандар осында жаңа идеяларды, қызықты кейіпкерлерді, және шексіз шығармашылықты табады. Аңыздардағы асқақ рух пен бейнелер, балаларды баурап алып, олардың қиялдарын дамытуға үлкен жол ашып, әдебиет пен мәдениеттің тереңдігіне жетелейді.

Читать бесплатно онлайн Тау мен теңіз ертегілері. Юйминь елі - Мао Сяо

АЛҒЫ СӨЗ


Сяо Мао ұстаз өзім ұнататын балалар әдебиеті жазушыларының бірі. Ол маған «Балалықтың фотосуреттері», «Күндіз қандай болады?», «Шабарман» сынды бірнеше шығармасын ұсынып еді. Мен оларды Weibo-ның «Балалар кітабы» сайтына шығарғанмын. Сяо Мао маған сыйлаған әрбір кітабына «Балалар оқуы – барлық оқудың негізі», «Жұмыр басты пенденің бәрі махаббат пен арман қуған тұлпарлар», «Қызықты кітаптар оқып, көңілді адам болайық» және т.б. нақыл сөздерімен қолтаңба жазып беріп отырды. Оның әдеби шығармашылығы мен оқу туралы ойларын осыдан толық байқауға болады.

Жақында «Минтянь» баспасының редакторы Сяо Мао мырзаның жаңа кітабының баспадан шығатыны туралы айтып, менің сол кітапқа алғы сөз жазып беруімді өтінген болатын. Мен кітаптың «Тау мен теңіз ертегілері» деген ерекше атауын естігенде, қауырт жұмысымды қайырып қойып, бірден келісімімді бердім.

«Таулар мен теңіздердің классикасы» (Шань хай цзин) – Қытайдың Цинь дәуіріне дейін жазылған ежелгі кітабы, еңбекте негізінен география, табиғат байлықтары, наным-сенімдер, бақсылық пен мифтер, сондай-ақ ежелгі тарих, медицина, әдет-ғұрып, халықтар, т.б. туралы мағлұматтар топталған. «Таулар мен теңіздердің классикасы», «Теңізді толтырған Цзинвэй», «Күнді қуған Куафу» сияқты таныс мифтер мен әңгімелер ғана емес, сонымен бірге кітапта біз көп біле бермейтін тамаша таулар мен өзендер, сиқырлы жаратылыстар туралы айтылады.

«Таулар мен теңіздердің классикасы» көне тарих пен географияны, жергілікті ерекше өнімдерді зерттеуге мол деректер береді. Сондай-ақ кітапта сөз болған фантазиялық сипаттағы, таңғажайып миф-аңыз ертегілер әдеби шығармашылыққа құнды элементтер беретін кеніш саналады. Ол балалар әдебиеті шығармашылығы үшін де үлкен мүмкіндік бере алады. Қазіргі заманғы қытай әдебиетшілері «Таулар мен теңіздердің классикасындағы» жер-су атаулары, өсімдіктер, құбыжықтар сияқты өкілдік элементтерге негізделе отырып, оларды әдеби туындыларға айналдыру сынды жаңғырту жұмысын жүргізіп келеді. Жақында Қытайда жарық көрген «Қайта оралған батыр» және «Құбыжық аңдар» дейтін танымал екі фильм де «Таулар мен теңіздердің классикасы» атты шығарма мазмұны негізінде жазылғанын білеміз.

Сяо Мао ертегілерінде «Сяо Маоның өзіне тән ерекшеліктері бар» деген пікірді жиі естиміз. «Тау мен теңіз ертегілері» топтамасына келер болсақ, одан да сол ерекшеліктерді кездестіреміз.

«Таулар мен теңіздер классикасы» Сяо Маоның хоббиі делінеді. Ол «Таулар мен теңіздер классикасының» көптеген нұсқасын жинап, сақтап келеді. Демек, ондағы мәтін мен иллюстрациялар оған үлкен ой салып, шығармашылық шабыт сыйлағаны даусыз. Сяо Мао «Таулар мен теңіздер классикасын» дәстүрлі мәдениеттің мәйегі деп санайды. Қазіргі кезде ол соны пайдаланып, кәдеге жаратып отыр. Автор Қытай балаларының қазіргі шынайы өмірін «Тау мен теңіз ертегілеріндегі» қиялмен тығыз қабыстырып, шындық пен фантастиканы, бүгінгі өмір мен көне дәстүрді, классика мен заманауи стильді біріктіріп, жаңа ертегілер құрастырды. Оның бұл шығармашылық қадамы бізді қуантып отыр.

Мысалы, Сяо Мао «Таулар мен теңіздер классикасында» айтылатын башэ (bаshе)1 пілді жеп, сүйегін бірнеше жылдан кейін шығарып тастайды деген аңызды негіз ете отырып, үш жылан туралы ертегі құрастырып шықты: онда Вэйвэй деген кішкентай башэнің И-имен үйленіп, өздігінен жүріп-тұра алмай қалған кәрі башэге қамқор болғаны баяндалады. Кәрі башэ өлер алдында оларға «піл жемеңдер» деп өсиет айтып кетеді. Кішкентай башэ оның өсиетін тыңдамай, пілді жұтып қояды. Бұл қызықты оқиға желісіне құрылған шағын ғана ертегі болғанымен, онда терең философиялық ой мен үлкен мән жатыр.